Әділет министрлігі жаңа Қазақстан Азаматтық кодексін әзірлеу тәсілдерін ұсынды
Әділет министрі Ерлан Сарсембаев Үкімет отырысында Қазақстанның жаңа Азаматтық кодексін әзірлеу тәсілдерін таныстырды. Құжат азаматтар, кәсіпкерлер және инвесторлар үшін құқықтық негіз болуы тиіс. Онда меншікті қорғауды күшейту, шарт бостандығын кеңейту және жеке қатынастарды артық реттеуді қысқарту ұсынылады.
Министрдің айтуынша, кодекс бойынша жұмыс жаңа Конституцияны іске асыруға байланысты. Ол цифрлық ортада да меншік пен азаматтардың құқықтарын тең қорғауға кепілдік береді. Бұл ережелерді жеке құқық аясында үш бағыт бойынша дамыту жоспарланған.
Жұмыстың үш бағыты
- Болашақ экономикасын құқықтық қамтамасыз ету. Тиімділігін дәлелдеген жеке құқық институттарын сақтау және жаңа экономикалық қатынастарға қатысушылар үшін түсінікті ережелер енгізу ұсынылады. Бұл олардың құқықтарын қорғауды және тәуекелдерді әділ бөлуді қамтамасыз etуі тиіс.
- Меншікті қорғау және шарттардың тұрақтылығы. Меншік иелерінің кепілдіктерін, адал сатып алушыларды қорғауды және міндеттемелердің орындалу сенімділігін күшейту жоспарланған. Әділет министрлігінің ойынша, бұл азаматтардың мүлкін сақтайды және кәсіпкерлік пен инвестициялық қызмет үшін болжамды жағдайлар жасайды.
- Шарт бостандығы және жария-құқықтық тетіктерді барынша азайту. Жеке қатынастар туралы қолданыстағы заңнамада айналым қатысушыларының шарттардың талаптарын анықтауын шектейтін көптеген императивтік нормалар бар. Жаңа кодекстен артық егжей-тегжейлілікті алып тастап, оны қолдануға ыңғайлы ету көзделеді.
Дайындық қалай өтеді
Министр жұмысты қолданыстағы заңнаманы, сот практикасын және жаңа конституциялық ережелерді кешенді талдауға негіздеуді ұсынды. Оған депутаттарды, ғылыми қоғамдастықты, практикадағы заңгерлерді, бизнес өкілдерін және сарапшыларды тарту ұсынылады.
Сонымен қатар мемлекеттік органдар Әділет министрлігімен бірлесіп, Жолдаудан туындайтын тапсырмаларды талдауы және тиісті заң жобаларын 2027 жылға арналған Заң жобалау жұмыстарының жоспарына енгізуі тиіс. Жаңа кодексті дайындау және қабылдау мерзімдері материалда көрсетілмеген.